2023 жылғы қарашаның 21-25 аралығында Бакуде БҰҰ-ның Орталық Азия және Әзірбайжан елдерінің экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасының (SPECA) 25 жылдығына арналған көрме өтті. Көрменің мақсаты Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның экономикалық әлеуетін көрсету, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен аймақтық экономикалық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін талқылау болды. Форумда аймақтың транзиттік маршруттарды әртараптандырудағы, цифрландырудағы, сауда мен көлікті дамытудағы, сондай-ақ орнықты даму саласындағы мақсаттарды орындаудағы маңызды рөлі талқыланды. Көрмені Әзербайжан Республикасының Экономика министрлігі ұйымдастырды. Әр елдің өкілдері жеке павильондарды иеленді, онда келесі бағыттар бойынша жобалар ұсынылды: өнеркәсіп, цифрлық даму және инновация, кәсіпкерлік және туризм.
«ТехноГруппСервис» ЖШС (TGS) көрмеге ресми түрде қатысып, «InTech-Forecast» бағдарламалық жасақтамасын және «GreenLight» ЖЭК қолдау сервисін ұсынды. Көрме барысында компания өкілдері TGS жобаларын ілгерілету мен серіктестік және клиенттік базаларды кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ, «Хабар» телеарнасына сұхбат беріліп, Тәжік, Түрікмен, Өзбек және Әзірбайжан серіктестерімен, сондай-ақ көрмеге қатысушы отандық компаниялармен ынтымақтастыққа бастама жасалды. TGS Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне халықаралық ауқымдағы іс-шараға қолдау көрсеткені және қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдіреді.
Көрме аясында 24 қарашада SPECA қатысушы-мемлекеттерІ басшыларының бірінші Саммиті өткізілді, онда Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық даму мен интеграцияға жәрдем көрсету үшін мақсатты сенімгерлік қорын құруды және экологиялық мәселелер бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысын бастауды ұсынды. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасының (СПЕКА) елдері Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық көпірге айналды деп санайды.
Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құрудың бастамашысы болып табылады. БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен басталды, кейінірек оған Түркіменстан мен Әзірбайжан қосылды. Құрылтай құжатында – Ташкент декларациясында- «Бағдарламаның мақсаты ынтымақтастықты дамытуда, экономикалық дамуды ынталандыруда және Еуропа мен Азия экономикасына біріктіруде Орталық Азия мемлекеттерін қолдау болып табылады», - деп атап өтілген.