7 желтоқсанда «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы ұйымдастырған және Қауымдастықтың 5 жылдығына орайластырылған «Қазақстан Республикасында ЖЭК секторын дамытудың жетістіктері мен сын-тегеуріндері» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ ЖЭК секторының іскерлік қоғамдастығы қатысты.
Жаңартылатын энергия секторы біздің еліміздегі ең жас секторлардың бірі болып табылады. Алайда, дамудың қысқа мерзімінде сектор әсерлі нәтижелер көрсетті. Бүгінгі күні секторда мыңдаған мамандар жұмыс істейді: энергетиктер, инженерлер, құрылысшылар, экономистер, мемлекеттік қызметкерлер, инвесторлар, ғалымдар, талдаушылар.
UNCTAD World Investment Report – 2023 есебіне сәйкес 2015-2022 жылдары Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздеріне тікелей шетелдік инвестициялар тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінен 31% құрады, ал еліміз Бразилия, Чили, Үндістан, Мысыр және басқа да елдермен бірге жаңартылатын энергия көздері секторына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша үздік-10 дамушы ел қатарына кірді.
«2018 жылы біздің еліміз тарихи таңдау жасады – жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын іске асыру процесі тіркелген тарифтер жүйесінен аукциондық сауда-саттыққа өзгертілді. Осы қадамның арқасында әлемнің 13 елінен 230-дан астам компанияны аукционға тартқан ЖЭК нарығы пайда болды, жаңартылатын энергетика жобаларына шетелдік және отандық инвестициялар ағылды, ал ел 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖЭК есебінен электр энергиясының 6%-ға жуығын өндіреді. Бүгінгі күні біздің аукциондарымыз елімізде және шетелде, оның ішінде халықаралық ұйымдармен жеңімпаздарды іріктеудің әділ және ашық тетігі ретінде танылды, мұнда жобаның бағасы мен белгіленген қуаты басты рөл атқарады. Биыл, мысалы, біз Абай облысында қуаты 10,001 МВт ЖЭС салу үшін жел энергетикасы бойынша – 10,38 тг/кВт*сағ рекордтық төмен бағаның куәсі болдық. Бұл – үлкен жетістік!», – деп атап өтті «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.
Қазіргі уақытта республикада белгіленген қуаты 2 715,8 МВт болатын 141 ЖЭК объектісі (100 кВт-тан жоғары және істен шыққан объектілерді шегеруді ескере отырып) жұмыс істейді:
‒ қуаты 1 246,6 МВт болатын 55 жел электр станциясы объектісі;
‒ қуаты 1 197,83 МВт болатын 44 күн электр станциясы объектісі;
‒ қуаты 269,605 МВт болатын 39 гидроэлектростанция объектісі;
‒ қуаты 1,77 МВт болатын 3 биогаз электр станциясы объектісі.
2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 4,91 млрд. кВтсағ (ЖЭС – 2 575 млн. кВтсағ; КЭС – 1 571,9 млн. кВтсағ; ГЭС – 760,9 млн. кВтсағ; БиоЭС – 2,25 млн. кВтсағ) немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінен 5,97% құрады.
Жаңартылатын энергетиканы дамытуға қосқан үлесін назарға ала отырып, «Qazaq Green» ЖЭК Қауымдастығының Директорлар Кеңесі «ТехноГруппСервис» ЖШС Серіктесі Ж. Б. Моминбаевты (ЖЭК саласындағы жалпы еңбек өтілі 9 жыл) «Жаңартылатын энергия саласына қосқан үлесі үшін» ЖЭК салалық марапатымен марапаттауға ұсынды!