Қарағанды облысы Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданында қуаты 4,77 МВт күн электр станциясы пайдалануға берілді. Инвестициялық жобаны «Коунрад» мыс компаниясы жүзеге асырды. Ашылуға Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов және «Central Asia Metals PLC» компаниясының атқарушы директоры Найджел Робинсон қатысты.
Күн станциясы сегіз айда салынды. 10 гектар аумақта 8 850 панель орнатылды, 6 шақырымнан астам ұңғымалар бұрғыланды, жалпы салмағы 200 тоннадан асатын 177 металл конструкциялар жиынтығы орнатылды, 64 шақырым кабельдік-өткізгіш өнімдер төселді. Есептеулер бойынша станция кәсіпорынның электр энергиясына деген қажеттілігінің 16-18% қамтамасыз етеді.
Жобаның бастамашыларының бірі қажетті техникалық-экономикалық есептерді ұсынған, сондай-ақ жобаны жоспарлы іске асыруды қамтамасыз еткен «ТехноГруппСервис» ЖШС болды. «ТехноГруппСервис» ЖШС техникалық директоры К. Г. Абеновтың айтуынша, жер жұмыстарын қиындатқан тау жыныстарына байланысты жобаны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Алайда, «Коунрад» мыс компаниясының үйлесімді жұмысының арқасында бұл жағдай объектіні жоспарлы пайдалануға беруге кедергі болмады.
Станцияны сынақтан өткізу құқығы Найджел Робинсонға берілді. Экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов Балқашта жаңа КЭС арқасында атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға болатынын атап өтті.